Мектеп – қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасына қойылатын барлық талаптарды ескере отырып, 2025 жылы салынған заманауи білім ордасы.
Мектептің жобалық қуаттылығы – 2000 орын, алайда бүгінгі таңда мұнда 2922 оқушы білім алуда. Бұл ата-аналардың жоғары сенімін және мектептің беделін айғақтайды.
Меншік түрі: коммуналдық мемлекеттік мекеме.
Оқыту тілі: мемлекеттік және орыс тілдері.
Оқу-тәрбие процесі екі негізгі бағытта ұйымдастырылған:
- жаратылыстану-математикалық,
- қоғамдық-гуманитарлық.
Мектепте білім алушылардың сапалы білім алуына және тұлғалық дамуына барлық жағдай жасалған.
Мектеп инфрақұрылымы төмендегідей нысандарды қамтиды:
- заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген 99 оқу кабинеті;
- дене шынықтыру сабақтарын және спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін 4 кең спорт залы;
- мерекелік және мәдени іс-шараларды өткізуге арналған, мультимедиялық техникамен жабдықталған 459 орындық акт залы;
- оқушылар мен қызметкерлерге арналған 500 орындық асхана.
Оқу процесінде 171 білікті педагог қызмет атқарады. Олар үшін басты мақсат – тек білім беру ғана емес, сонымен қатар белсенді, шығармашыл және жауапты тұлғаны тәрбиелеу.
Мектепте 6-14 жас аралығындағы балалардың зияткерлік қабілеттерін зерттеу және дамыту жоспарланған. Бұл бағыт балалардың табиғи қабілеттерін ерте жастан анықтап, таланттарын ашуға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта ғылымға, өнерге және спортқа қызығушылықты арттыруға бағытталған қосымша білім беру жүйесі ұйымдастырылады.
STEM, робототехника, химия, биология, физика, технология кабинеттері мен кітапхана заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті оқыту құралдарымен қамтамасыз етілген.
Оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беру үшін мектепте келесі үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді:
- шахмат,
- домбыра,
- волейбол,
- баскетбол,
- би.
Мектептің басты ерекшелігі – ыңғайлы, қауіпсіз және шабыттандыратын оқу ортасын қалыптастыру. Мұнда әрбір бала өзіне деген сенімділік, қолдау мен қамқорлықты сезінеді.
